«Жолаушылар үйінен соғысқа аттанғандай болады» - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

«Жолаушылар үйінен соғысқа аттанғандай болады»

444

Smiley face

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне арналған селекторлық кеңес өткізді. Кеңестің басты тақырыбы жол қозғалысы қауіпсіздігінің негізгі мәселелері болды.

Полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Амангелді айтып өткендей, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өңірде ЖКО саны 31,7%-ға артып, жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендердің саны 49,5%-ға жетті.

Алайда, апат құрбандарының саны 7,8%-ға — 51-ден 47-ге дейін төмендеді. Жол-көлік оқиғасы негізінен қалааралық және республикалық маңызы бар жолдарда орын алады.

«ЖКО негізгі себептері – жылдамдықты арттыру, қарсы жолаққа шығып кету және жалпы жүргізушілердің біліктіліктерінің төмен болуы. Жыл басынан бері Атырау облысында жылдамдық режимін арттырғаны үшін 41 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды, жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Берік Амангелді.  

Спикердің айтуынша, бүгін облыс орталығында және ауылдық аудандарда ЖКО санын азайту үшін бірқатар алдын алу шаралары жүргізілуде. Олардың арасында — жаяу жүргіншілер өткелінде прожекторлар, жолдарда - қосымша камералар, жылдамдық өлшегіштер, жасанды жол кедергілері, бағдаршамдар орнату. Қалада орталық көшелерді кеңейту, белгілерді орнату және жаңа жол белгілерін жасау жұмыстары жүргізілуде.

«Біз полицияны қажетті жабдықтармен және жинақтаумен қамтамасыз ету үшін едәуір қаражат бөлеміз, полицейлерге жағдай жасаймыз, бірақ әлі де жұмыс тиісті түрде жасалмай отыр. Біз әрбір автокөлікке патрульдік машинаны бекіте алмаймыз, демек, жұмысқа жүйелі көзқарасты өзгерту керек. Неге сіздер жолдардағы өлім-жітім көрсеткіштерін нөлге түсіре алмайсыз? Неге адамдар ЖКО кезінде мүгедек болып қалады? Біз қолдағы барлық мүмкіндіктерді пайдалануға және бар проблемаларды шешуге тиіспіз. Адамдар үшін жолда қауіпсіз жағдай жасаңыздар», – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

ЖКО санының өсуіне әсер ететін екінші маңызды фактор – жүргізушілердің біліктілігінің төмендігі. Бүгінде облыста түрлі санаттағы жүргізушілерді дайындаумен 26 автомектеп айналысады, оның 18-і Атырау қаласында орналасқан. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Мұса Хайруллиев кейбір автомектептерде курсанттарға заманауи жабдықтар сатып алуға мүмкіндік болмағандықтан олардың жабылуға мәжбүр екенін айтты. Жалпы, олардағы оқу сапасы өте төмен екен:

- Мәселен, егер 2018 жылы 9 671 жүргізуші куәлігі берілсе, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап мамандандырылған ХҚКО ашылғалы бері автомектеп түлектерінен 4419 құжат қабылданды. Олардың ішінде тек 419 адам теорияны тапсырып, 93-і жүргізудің практикалық дағдыларынан өткен. Бұл масқара ғой! – деп шамданды Мұса Хайруллиев.

Облыс әкімінің айтуынша, автомектептердің жұмысын республикалық деңгейде бақылауға алу керек. Өңірде жүргізушілерді оқыту орталықтарының бәрін аттестациядан өткізу қажет. Бұдан басқа, қоғамдық көліктің қатысуымен болған ЖКО санын азайту үшін автобус жүргізушілерін да дайындау қажет.

 «Бүгінгі таңда таксистермен қатар автобустар жолдардағы апаттарға кінәлі болып отыр, мысалы соңғы ЖКО-да 11 жолаушы зардап шекті. Автопарк директорларына автобус жүргізушілерін жұмысқа қабылдау кезінде бақылау жасауды, сондай-ақ олардың жұмысын тұрақты инспекциялауды тапсырамын. Бүгін жолаушылар үйден соғысқа аттанғандай шығады, олар біздің автобустарға отырып, діттеген жеріне аман-есен жетер-жетпесін білмейді.  Жүргізушілерді мұқият дайындаңыздар», - деді автопарк директорларына Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ, өңір басшысы полицейлерге жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Жыл басынан бері жаяу жүргіншіні өткізбегені үшін 1 962 автокөлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Көзі: yunews.kz