Қарағандыда МЖӘ бағдарламасының арқасында балабақшаларға кезек жойылды - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Қарағандыда МЖӘ бағдарламасының арқасында балабақшаларға кезек жойылды

444

Smiley face

Қазақстандық мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығының деректері бойынша, Қарағанды облысы өңірлердің жалпы рейтингісінде үшінші орында және мемлекеттік міндеттемелерге тартылған инвестицияларға қатысты бірінші орында тұр. Бұл туралы бүгін Қарағанды облысының әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Әбішева мәлімдеді.

Өңірлік интернет-ресурстың ақпараты бойынша, 2017 жылдан бастап МЖӘ бағдарламасы бойынша облыста бес МРТ кабинеті, төрт компьютерлік томография кабинеті, төрт офтальмологиялық кабинет, үш емхана, төрт гемодиализ орталығы, оңалту, гематологиялық және аллергологиялық орталықтар ашылды.

Сонымен қатар, Қарағандыда МЖӘ бағдарламасының арқасында балабақшалар кезегі толығымен жойылды.

Осының барлығы жаңа жұмыс орындарын құруға көмектесті. Облыста 620 бос жұмыс орны пайда болды.

"Салалық мемлекеттік органдар мен қалалар мен аудандар әкімдіктерінің ұсыныстары негізінде жүзеге асыруға ұсынылатын МЖӘ жобаларының пулы құрылды. Оған 9 сала мен бағыт бойынша 65 жоба кіреді. Оның ішінде алдағы уақытта 38,4 млрд теңгеге  33 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр", - деді Гүлмира Әбішева.

Оның айтуынша, қазір денсаулық сақтау және спорт саласында үш жоба келісу сатысында. Оның ішінде жаңа "Өжет" спорт кешені мен таэквондо орталығының ашылуы келісілуде.

Тағы төрт жоба – Қарағандыда маммологиялық орталық, Октябрь ауданында емхана, Жезқазған өңірінің медициналық ұйымдары үшін орталықтандырылған зертхана және Қарағандыда позитрондық-эмиссиялық томография орталығын ашу – экономикалық сараптама алды және бизнес-жоспарды бекіту сатысында. Қазір "Сарыарқа" ӘКК-де өңірдің мемлекеттік мекемелерінен есептен шығарылған оргтехника мен жиһаздарды шығару, қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша жоба сараптамадан өтуде.

Жалпы өңірде МЖӘ бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 11 млрд теңгеге 38 шарт жасалды. 2018 жылы білім беру саласында 11 шартқа, биыл - 6 шартқа қол қойылды.


Көзі: yunews.kz