Петропавлда екі студенттің жанжалы жаппай төбелеске ұласты - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Петропавлда екі студенттің жанжалы жаппай төбелеске ұласты

444

Smiley face

Жастар өзен жағасында кездесіп, мәселені шешпек болған. Төбелеске жергілікті университеттің екінші және үшінші курс студенттері қатысқан. Олардың ішінде оңтүстік аймақтардан келген студенттер, "Серпін" бағдарламасының қатысушылары да бар. СҚМУ-да түсіндіргендей, жуырда бірнеше жігіт университет жанындағы асханада бір-бірімен сөзге келіп қалған,  содан кейін әр тарап өз достарын жанжалды реттеу үшін  шақырған. Бірақ осы жігіттер тұратын жатақхананың қызметкерлері болып жатқан жайттар туралы біліп қойып, полицияны хабардар еткен.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жанжал шыққан күні Есіл өзенінің жағасындағы «Восточный берег» дәмханасының жанына біраз жастар жиналғаны туралы телефон хабарламасы түскен. Жедел басқару орталығының қызметкерлері оқиға орнына шұғыл түрде жақын маңдағы полицияның кешенді күшінің жаяу бағытын және Петропавл қалалық ПБ патруль полиция батальонының 11 автопатрулін жіберді.

Тәртіп сақшыларын байқап қалған жастар оқиға орнынан жан-жаққа бытырап қаша жөнелген. Ауданды тексеру барысында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 46 студенті ұсталып, Подгорный учаскелік полиция пунктіне және Петропавл қалалық полиция бөліміне жеткізілді.

Облыстық және қалалық полицияның тергеушілері, барлық жедел құрам болған оқиғаның себептері мен жағдайларын анықтау бойынша бір мезгілде жұмыс істеді. Оқу орнының басшылығы, топ кураторлары шақырылды.

«Белгілі болғандай,  оқиға  оңтүстік облыстардан оқуға келген 2-3 курс студенттері арасында тұрмыстық негізге байланысты орын алған. Ауруханаға ешкім жатқызылмады,  бір студентке медициналық көмек көрсетілді. Тағы бір жәбірленушінің беті көгерген. Аталған факт ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі "Бұзақылық" бойынша Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта орын алған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізілуде", - деп толықтырды полицияда.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры Ербол Исакаев бұл қақтығысқа қатысушылардың барлығы оқудан шығарылмайтынын, бірақ негізгі кінәлілерге оқумен қоштасуға тура келетінін атап өтті.

"Қатысқан студенттерге қатысты тәртіптік комиссия өткізіледі.  Бұл жанжалды бастаушылар анықталады.  Олар университет аумағында тәртіп ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ студенттердің Ар-намыс Кодексін бұзғаны үшін оқудан шығарылады.  Бақылау жүргізуге тиісті болған лауазымды адамдарға да белгілі бір іс-шаралар қабылданатын болады. Біздің университет ата-аналарды хабардар етеді. Студенттер арасында тек қана "Серпін" бағдарламасына қатысушылар ғана емес, сонымен қатар біздің облыстан да келген жастар бар. Негізгі бөлігі жатақханада тұрады", - деді Ербол Исақаев.

Айта кететіні, осы оқиғадан кейін университет ректоры Серік Өмірбаев Facebook-тегі  жеке парақшасында қызметінен кететінін жазды. Алайда, жоғары оқу орнының баспасөз қызметі ректордың жұмыстан кетуінің болған оқиғаға еш қатысы жоқ екенін айтады.

"Ректор өтінішті 9 қазанда жазды. Сенбі күні министр оны қарап, қол қойды. Бұйрық кеше шықты. Яғни, оның қызметтен кетуі бұл оқиғамен байланысты емес", - деп атап өтті проректор.

           


Көзі: yunews.kz