Азияның аса ірі тасымалдаушысы «Air Asia» әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейстер ашуды көздеп отыр - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Азияның аса ірі тасымалдаушысы «Air Asia» әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейстер ашуды көздеп отыр

444

Smiley face

Фото ҚР ИИДМ

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа халықаралық бағыттарды ашу және жаңа шетелдік әуе компанияларын тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгін Куала-Лумпур қаласында (Малайзия) ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті, ҚР-ның Малайзиядағы елшілігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалалары әуежайлары мен «Эйр Астана» әуе компаниясы өкілдері бар қазақстандық делегация «Air Asia» компаниясының негізін қалаушы Датук Камарудин бин Меранун және AirAsia әуе компаниясының атқарушы директоры Беньямин Исмаилмен кездесіп,  келіссөз жүргізді. Air Asia - Азиядағы ірі және әлемдегі 13-ші бюджеттік әуе компаниясы болып табылады, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Малайзия арасында «Air Asia» әуе компаниясының тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін талқылады.

Малайзия тарапына әлемдік ірі қаржы орталықтарына Қазақстан арқылы 5-ші әуе еркіндігі бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды әуежайларына ұшу мүмкіндігі ұсынылды. «Ашық аспан» режімі Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларына таралады.

Сонымен қатар, отандық әуежайлар өкілдері тұрақты рейстердің ашылуын ынталандыратын түрлі тетіктерді ұсынды.

Өз кезегінде Датук Камарудин бин Меранун Еуропаның Рим, Милан, Ницца қалаларына және Нью-Йорк (АҚШ) қалалары бойынша әуе еркіндігі бар Алматы қаласына тікелей рейс ашуға қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ, Малайзияның Көлік министрлігі Азаматтық авиация департаментінің басшысы – мемлекеттік хатшы Мохамад Радзуан Мазланмен кездесу өтті. Келіссөз барысында малайзиялық әуе компанияларымен, соның ішінде Air Asia-мен әуе қатынасын кеңейту мәселелері талқыланды. Малайзияның авиация билігі Қазақстанның екі ел арасында жаңа рейстерді ашу жөніндегі бастамасына толық қолдау білдірді.

АНЫҚТАМА: Air Asia – Малайзияның бюджеттік әуекомпаниясы, Азиядағы ірі және әлемдегі 13-ші бюджеттік әуе компаниясы болып табылады. Әлемнің 22 елінде 152 бағыт бойынша ұшуларды жүзеге асырады. Әуе кемелерінің паркі 265 әуе кемесінен тұрады. Әуетасымалдаушының басты транзиттік хабы Куала-Лумпур халықаралық әуежайы болып табылады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша әуекомпания 44,3 млн жолаушы тасымалдады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға артық.


Көзі: yunews.kz