Суық түскенше барлық үйлердің жұмысы аяқталады – Шөкеев - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Суық түскенше барлық үйлердің жұмысы аяқталады – Шөкеев

444

Smiley face

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингте Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстары мен қаланың бүгінгі тіршілігі туралы айтып берді.

«Арысты қалпына келтіру туралы айтсақ, аз уақыт ішінде қаншама жұмыс атқарылды. Мұндай қираудан кейін қайта қалпына келтіруге жарты, кейде бір жыл уақыт кетеді. Оқиға 24 маусым күні болды, уақытында шұғыл шаралар қабылданды. Қаланы сектор бойынша жөндеу туралы шешім қабылданды.

Біз құрылысшыларға қаланы 2-3 айдың ішінде қалпына келтіруді тапсырдық. Қираған үйлерді қайта тұрғызу оңай жұмыс емес, дегенмен 2 айдың ішінде үйлердің 90 пайызы дайын болды», - деді әкім.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қираған жеке және көпқабатты үйлердің құрылысына қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Жұмыстың аяқталу күні жағдайға байланысты реттеледі, бірақ биліктің жоспары бойынша барлық жұмыстар 1 қарашаға дейін аяқталуы тиіс.

«Негізінен, ауа-райы қараша айында асықпай бітіруге мүмкіндік береді. Арыс тұрғындарының өзі «Асықтырмаңыздар, бізге сапалы болғаны маңызды» деп отыр. Сондықтан Арыста бүгінгі күні проблема жоқ деп ойлаймыз. Суық түскенше барлық тұрғын өз үйіне кіретініне сенімдіміз. Аз уақыт ішінде қаншама жұмыс атқарылды», - деп толықтырды Өмірзақ Шөкеев.

«Оқыс оқиғаны ұтымды пайдаланғысы келген түрлі ниетті адамдар болды. Бұл жерде үйдің жағдайына қатысты бағаны әкім емес, министр емес, арнайы институт мамандары берді. Яғни үйді қирату керек пе, әлде қайта қалпына келтіру қажет пе - оны мамандар шешеді. Дегенмен сотқа жүгінгендер де, жаңа үй үшін таласқа түскендер де, өз үйін әдейі бұзған адамдар да болды.

Осы секілді 100-ге жуық адаммен арнайы жұмыс жүргізілді. Қазіргі таңда қалада жағдай бірқалыпты. Қала өзгерген және ең бастысы барлық әлеуметтік нысандар (мектеп, аурухана, мәдениет кешендері) жаңаланып, жұмысын жалғастыруда. Осы орайда ең алдымен арыстықтарға және қаланы қалпына келтіруге үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз», - деді әкім.


Көзі: yunews.kz