Түркістан облысының тұрғындарына АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері енгізіледі - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Түркістан облысының тұрғындарына АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері енгізіледі

444

Smiley face

Біржан Нұрымбетов сапарын еліміздің оңтүстік өңірінен бастады. Ол Отырар, Шәуілдір аудандары тұрғындарымен, кездесулер өткізді. ҚР ЕХӘҚМ басшысы ауыл тұрғындарына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

«Негізгі қағидат – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, бірінші кезекте балалар мен көп балалы отбасыларға көмек көрсетеді! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуге тиіс, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмек: көп балалы отбасыларды қолдау, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек, аз қамтылған отбасылардағы балаларға арналған кепілді әлеуметтік пакет», деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, көп балалы отбасыларды қолдау республикалық бюджет қаражатынан мемлекеттік жәрдемақыны енгізу есебінен қамтамасыз етіледі. Осы мемлекеттік жәрдем мөлшері көп балалы отбасыларға табысына қарамастан беріледі.

АӘК аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға төленетін болады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшелері ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлеу тек қана оларға ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін кепілді әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық -түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Сондай-ақ, Біржан Нұрымбетов «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке қабылдады. Аймақ тұрғындарының көптеген өтініштері атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру мәселелеріне қатысты болды.

Министр АӘК көрсетудің қолданыстағы тетіктері бойынша нақты түсініктеме берді, сондай-ақ 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау қалай жоспарланатынын түсіндірді. Біржан Нұрымбетов сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді оқыту курстарын өткізуді, жеке ісін ашу үшін шағын несиелер мен мемлекеттік гранттар бөлуді, мемлекет есебінен субсидияланған жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды көздейтін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының құралдары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сонымен қатар, кейбір түркістандықтар министрге тұрғын үй алуға көмек көрсету туралы өтініш білдірді. Бұл мәселелер ҚР Еңбек министрлігінің құзыретіне жатпайтынын ескере отырып, Біржан Нұрымбетов облыс әкімдігінің өкілдерінен оларды өз тарапынан пысықтауды сұрады.

Еске саламыз, бұған дейін Біржан Нұрымбетов ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын Алматыда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында түсіндіріп қайтқан болатын.


Көзі: Yunews.kz