Емделушілердің 20%-ы қажетті дәрілік заттарды алмаған, 18%-ы ішінара ғана алған - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Емделушілердің 20%-ы қажетті дәрілік заттарды алмаған, 18%-ы ішінара ғана алған

444

Smiley face

Бас прокуратурада 2016-2018 жылдары азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында бюджет қаражатын жұмсау кезінде заңдылықты сақтау жөніндегі жұмыстың нәтижелері бойынша алқа отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті.

Бірлескен жұмыс 2017 жылдың соңында министрліктің атына амбулаторлық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз етуде іркіліске шағымданған азаматтардың көп өтініштерінің түсуіне байланысты Фармация комитетінің аумақтық бөлімшелері жүргізген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайына мониторинг жүргізу қорытындысы бойынша басталды.

Еліміздің 16 өңірінде диспансерлік есепте тұрған, ТМККК шеңберінде дәрілік заттарды алатын 500-ге жуық азаматқа сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері бойынша емделушілердің 20%-ы қажетті дәрілік заттарды алмайтыны анықталды, 18%-ы ішінара алды және 62%-ы ТМККК шеңберінде толық қамтамасыз етілді. Тексеру нәтижелері бойынша әкімшілік және тәртіптік шаралар қабылданды.

2018 жылдың ақпан айында мониторинг топтары құрылды, олар пациенттердің  жазып берілген дәрі-дәрмектерді алмау фактілері мен 2016-2017 жылдары пайдаланылмаған дәрі-дәрмектерді анықтады. Бұл ретте жекелеген пациенттер оларға тегін рецептер жазып беру туралы білмеген және тиісінше жазып берілген дәрілік заттарды  алмаған, алайда ДҚАЖ  бағдарламасында аталған рецептілер қамтамасыз етілгені ретінде белгіленген.

Денсаулық сақтау министрлігі  бұл материалдарды Бас прокуратураға тапсырды.

Ағымдағы жылдың шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі тиімді пайдалану мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді талдау жөніндегі жұмысты жалғастырды. Бұл жолы тұқым қуалайтын қан ұю (гемофилия) факторларының тапшылығы бар пациенттерге арналған препараттарға рецептілерді дұрыс  жоспарламау, тағайындау және жазу фактілері анықталды. Батыс Қазақстан облысында жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жалпы сомасы 5,8 млн теңгеге препараттардың жойылуы орын алды.

Министрліктің бастамасы бойынша әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп медициналық-әлеуметтік ұйымдар контингентінің  дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблемалық мәселелер анықталды.

2018 жылдан бастап тегін амбулаториялық қамтамасыз ету үшін дәрілік заттарды сатып алуды "СК-Фармация" ЖШС орталықтандырып жүзеге асырады. Дәрілік заттарға деген қажеттілікті өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары қалыптастырды. Алайда денсаулық сақтау басқармалары тарапынан өтінімдерді қалыптастыру диспансерлік науқастардың нақты деректерін есепке алмай жүргізілді.

Осы проблеманы жою үшін 2017 жылғы желтоқсаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарды қағазсыз құжат айналымына және цифрландыруға көшіру бойынша жоспарлы жұмысты бастады. Жобаның мақсаты диспансерлік науқастардың тіркелімдерін қалыптастыруды және оларды емдеу үшін дәрі-дәрмектерге қажеттілікті қоса алғанда, барлық үдерістерді автоматтандыру болып табылады.

Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша Министрлік халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында тиісті реттеу бойынша шаралар кешенін қабылдады. Азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ережелері өзгертілді: енді қажеттілік диспансерлік науқастар тіркелімінің деректерін ескере отырып ғана анықталады. Ол ақпараттық бағдарламада бар қалдықтар туралы деректерді ескере отырып, дәрі-дәрмектерге қажеттілікті автоматты түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Азаматтардың электрондық денсаулық паспорты енгізілді, онда сатылған дәрі-дәрмектер туралы ақпарат көрсетіледі.

Емханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйелерін цифрландыру және интеграциялау нәтижесінде тегін дәрілерге арналған электрондық рецептілердің 100%-ын қамтуға және онлайн режимде дәрі-дәрмек қалдықтарының есебін жүргізуге мүмкіндік берді.

Осы шараларды іске асыру тіркеуді, қателіктерді жоюға мүмкіндік берді және сатып алу кезінде бағаның төмендеуімен бірге 2018 жылы 50,9 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді, оның 23,4 млрд теңгесіне қосымша қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынды, 14,5 млрд теңгесі медициналық қызметтерге қайта бөлінді, ал 2019 жылдың бірінші тоқсанында 13 млрд теңгеге төмендетілмейтін дәрі-дәрмек қоры құрылды.

Шетелдік өндірушілермен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған инсулиндік помпаларды тегін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді (бұрын мемлекет әр адамға 1 млн теңгеден, жылына 200-ге жуық помпалар сатып алды), 4 мың пациенттің орнына С вирустық гепатитін емдеу курсының құнын айтарлықтай төмендету есебінен 18 мың пациент тегін препараттармен қамтамасыз етілді.

Министрліктің тексеру нәтижелері бойынша лауазымды тұлғаларға 8 әкімшілік хаттама толтырылды, 2 жағдайда тәртіптік шаралар қабылданды, 4 тексеру материалдары министрлік ведомствосының аумақтық департаменттеріне жіберілді. Тексеру нәтижелері бойынша өңірлерде денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық ұйымдардың бірқатар лауазымды адамдары атқарып отырған лауазымынан босатылды, басқалары тәртіптік және әкімшілік жазаға тартылды.


Көзі: Yunews.kz