ШҚО прокуратурасы мемлекеттік балабақшаларды инвесторларға беру туралы шешімнің күшін жоюға қол жеткізді - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

ШҚО прокуратурасы мемлекеттік балабақшаларды инвесторларға беру туралы шешімнің күшін жоюға қол жеткізді

444

Smiley face

Жақында ғана Семейде төрт мемлекеттік балабақшаны жеке тұлғаларға сенімгерлікпен басқаруға беру туралы мәселе ата-аналар арасында наразылық тудырған еді. Мектепке дейінгі мекемелер айналасындағы жағдайға алаңдаушылық білдірген 2 мыңға жуық қала тұрғыны ШҚО прокуратурасына ұжымдық өтінішпен жүгінді.

"Қадағалау ведомствосының қызметкерлері қала әкімдігінің іс-әрекеттерінің заңдылығын тексеріп, бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Аталған мектепке дейінгі мекемелер табысты жұмыс істеп келген, сенімгерлікпен  басқаруға беру үшін дәлелді негіздер болмаған.

"Мемлекеттік-жекеше әріптестік туралы" қолданыстағы заңнаманың талаптарын бұза отырып, қажетті экономикалық негіздемесіз, инвестициялардың мөлшері мен мерзімдерінсіз сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шарттарға қол қойылған. Жасалған келісімдерде салымдардың сипаты техникалық егжей-тегжейлі көрсетілмеген, сенімгерлікпен басқарушыларды бақылау тәсілі болмаған. Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелерді беру кезінде білім беру және еңбек туралы заңнама талаптары бұзылған, бұл одан әрі балалар тәрбиесіне әсер ететін еді", - деп түсіндірді облыстық прокуратурада.

Тексеру нәтижелері бойынша облыс әкімдігінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыным енгізілді, ал қалалық комиссияның шешімі жойылды.


Көзі: Yunews.kz