Гаагада қазақстан-нидерландтық қарым-қатынастарды нығайту перспективалары талқыланды - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Гаагада қазақстан-нидерландтық қарым-қатынастарды нығайту перспективалары талқыланды

444

Smiley face
Фото МИД РК
 
Қазақстан Премьер-министрі Асқар Маминнің Нидерландыға ресми сапары аясында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Нидерланды Корольдігінің Сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен және Бас Штаттар өкілдері Палатасының мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Нидерланды сыртқы істер министрлігі Бас директорының саяси істер жөніндегі орынбасары Питер-Ян Клейвег де Зваанмен кездесу барысында тараптар елдер арасындағы сындарлы саяси диалогты атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың алдағы перспективаларын талқылады.

Р. Василенко Қазақстан Нидерландыны Еуропадағы негізгі саяси және сауда-экономикалық серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Аса жоғары және жоғары деңгейдегі байланыстардың жоғары қарқыны, екі ел басшылары диалогының сенімді сипаты, сондай-ақ Қазақстан мен Нидерландының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне бір мезгілде мүше болуы барысындағы дипломаттардың өзара іс-қимылының оң тәжірибесі атап өтілді.

Ол ҚР Премьер-министрінің сапары барысында қол қойылған ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жерді қашықтықтан зондтау салаларындағы ынтымақтастық туралы құжаттардың маңыздылығын атай отырып, «Корольдік Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы көлемі бойынша «нөмір бірінші» инвестор болып табылады және бұл үрдіс жалғасын табады деп үміттенеміз», - деді.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат әріптестерімен Қазақстанның Нидерландыда «Kazakh Invest» АҚ еуропалық офисін ашу жөніндегі жоспарлары туралы ақпаратпен бөлісті.

Өз кезегінде, Нидерландтық тарап Қазақстанда жүргізіліп жатқан құқық үстемдігін одан әрі нығайтуға және бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған саяси және экономикалық реформаларды қолдайтынын атап өтті.

Ынтымақтастықтың қазіргі жоғары деңгейін ескере отырып, тараптар Қазақстан мен Нидерланды сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялар форматында тұрақты байланыстарды қолдау маңызды деп келісті. Нидерланды СІМ Бас директорының орынбасары осындай келіссөздерді өткізу үшін жауапты сапармен Нұр-Сұлтанға келуге дайын екенін жеткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар елдердің көпжақты форматтағы табысты өзара іс-қимылын және Нидерландының Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімін ратификациялауын қанағаттана атап өтті. Дипломаттар ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы шеңберіндегі ынтымақтастық перспективаларына, «Жусан» операциясы шеңберіндегі әскери іс-қимылдар аймақтарынан өз азаматтарын қайтарудың қазақстандық тәжірибесіне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері бойынша өзара іс-қимылға ерекше назар аударды.

Қазақстандық тарап ағымдағы жылдың 26 қарашасында Гаагада өтетін «Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» ұйымының Нидерландтық бөлімшесінің 50 жылдығы аясында өтетін «Ядролық қарудан азат әлемге шақыру» халықаралық конференциясына қатысуға дайын екендігін жеткізді.


Көзі: Yunews.kz