Президент елорданың әлеуметтік нысандарын аралады - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Президент елорданың әлеуметтік нысандарын аралады

444

Smiley face

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев «Жанұя» отбасын қолдау институты орталығына барды. Мемлекет басшысы астаналық отбасыларға «бір терезе» қағидаты бойынша заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысты. Бұл жерде денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, атаулы әлеуметтік көмек алу және тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы жайында кеңес алуға болады. «Жанұя» орталығының бастамаларын жоғары бағалаған Мемлекет басшысы аталған мекеменің тәжірибесін еліміздің барлық аймақтарында іске асыру керек екенін айтты.

Сонымен қатар Президент орталықтың базасында іске асып жатқан «Кәсіпкер ана» жобасының қатысушыларымен де әңгімелесті.

Мемлекет басшысы Елордадағы №23 орта мектепке де барды. Мектепті аралау барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президентке астананы дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 5 мың орындық 6 жаңа мектеп, ал 2020 жылы 10 мың орындық 12 мектеп пайдалануға беріледі.

Мемлекет басшысына Елорда халқының 25 пайызы тұратын қала аумағындағы 16 тұрғын үй алабын дамыту жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу жайында да мәлімет берілді. Сондай-ақ Алтай Көлгінов қазіргі уақытта қалада үш ауысымды 8 мектеп барын, осы мәселені шешу үшін жыл сайын 12 мектеп салу қажеттігін айтты.

Сонымен қатар әкім Президенттің тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 жаңа спорт нысанының құрылысы басталғанын хабарлады.

Мемлекет басшысы №23 мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін аралады, оқушылармен және мұғалімдермен әңгімелесті. Мұғалімдер Президентке мектептің қажеттіліктері туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің түйткілді мәселелерімен таныс екенін, аталған ауданда қысқа мерзім ішінде жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Astana Ютария Ltd» өндірістік-инновациялық компаниясына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби тігін жабдықтарын құрастырумен әрі жеткізумен айналысатын, арнайы киімдер мен басқа да тұрмыстық және техникалық бұйымдар шығаратын мекеменің жұмысымен танысты. Президент шығарылатын өнімдердің сапасы мен сұранысқа ие болуын оң бағалап, компанияның экспорттық әлеуетіне назар аударды.

Мекеме қызметкерлері фабрикаға келгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, оның мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Жалпы мекемеде 460 адам жұмыс істейді, соның ішінде 45-і халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады.


Көзі: Yunews.kz