Ауылдағы мектептер, ауруханалар мен жолдар жөндеуді қажет етеді - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Ауылдағы мектептер, ауруханалар мен жолдар жөндеуді қажет етеді

444

Smiley faceФото m.yk-news.kz

Бүгінде Қазақстан ауылдарында 7,7 млн адам тұрады, бұл ел халқының 42%-ы. Ауылдық жерлерде шешілмеген мәселелер де жеткілікті. Көптеген мектептер, ауруханалар, жолдар жөндеуді қажет етеді, инженерлік желілер тозған.   

"Осыған байланысты біз ауылды дамытуда кешенді тәсілді қолдануды ұсынамыз.

Ол үшін бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен "Ауыл – Ел бесігі" жобасы есебінен ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту жүргізілетін болады, АӨК, "БЖК-2020", "Еңбек" және басқа да қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде ауылда кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады. Бүгінде даму әлеуеті бар 3 477 ауыл іріктеліп алынды, олардың ішінде - 1 150 тірек ауылдық және 2 327 спутниктік ауыл, оның ішінде 200 шекара маңындағы ауыл бар. Бұл ауылдарда 6,6 млн. адам немесе ауыл халқының 85%-ы тұрады, оларды дамыту  басым мақсат болады", - деді Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр. 

Қалған 2 966 ауыл (1,1 млн адам) ағымдағы қаржыландыру шеңберінде дамитын болады.

Қазіргі проблемаларды кешенді шешу үшін едәуір қаражат қажет.

Алдын ала есептеулер бойынша 900 млрд.теңге қажет, бұл ретте республикалық бюджеттен 70% немесе 630 млрд. теңге, ал қалған 30% немесе 270 млрд. теңге – жергілікті бюджеттерден бөлу ұсынылады.

Бұл қаражатты Премьер-Министрдің орынбасары 2027 жылға дейін бөлуді ұсынды.

2020 жылы барлық өңірлерде ауылдық инфрақұрылымды кең ауқымды жаңғырту басталады.

"2020 жылы қарастырылған 30 млрд теңгеге қосымша 50 млрд. теңге бөлінеді, бөлінген қаражатқа 250 ауылда 1641 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ауыл халқын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және іске асырылып жатқан жобаларға жаңа дағды алу мақсатында ауыл жастары тартылатын болады. Өңірлер әкімдері шұғыл түрде тиісті жобалық құжаттаманы әзірлеуі қажет", - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

Роман Склярдың айтуынша, нақты атқарушы билік әлеуеті бар әрбір ауылдың экономикасын дамыту жоспарын әзірлеп, қабылдау қажет.

"Біз әкімдіктермен бірлесіп, 2027 жылға дейін тірек және спутниктік ауылдарды дамыту кестесін қалыптастыруымыз қажет. "Ауыл – Ел бесігі" және басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде әрбір ауыл үшін қаржыландыру көлемі мен көздері анықталсын. Ауыл экономикасын дамыту картасын әзірлеу және тиісті құжаттарды дайындау керек. Жобаны жүзеге асыру 7 жыл ішінде 7 млн ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 7 мың шақырымнан астам кентішілік көшелер салынып, жөндеуден өткізіледі. Барлық ауыл тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік нысандарды кең ауқымды жаңғырту жүргізіледі", - деп атап өтті Роман Скляр.

Асқар Мамин Роман Склярдың сөзін қорытындылай келе, тиісті министрліктерге тапсырма берді.

"Жалпы, ұсынылған тәсілдер мен жобаны іске асыруды мақұлдауды ұсынамын.

Қаржы министрлігіне ҰЭМ-мен бірлесіп, 2020-2026 жылдарға арналған жобаны қаржыландыруды 900 млрд теңгеге дейін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын", - деді Премьер-Министр.

 


Көзі: Yunews.kz