Шайбалы хоккейден Қазақстан құрама командасы әлем чемпионатының жеңімпазы болып, әлемдік хоккей элитасына қайта оралды - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрама командасы әлем чемпионатының жеңімпазы болып, әлемдік хоккей элитасына қайта оралды

06 Мамыр 2019, 09:45

Smiley face

Нұр-Сұлтан қаласында шайбалы хоккейден бірінші дивизионының «А» тобында өнер көрсететін командалар арасындағы Әлем чемпионаты аяқталды. Соңғы турда Қазақстан құрамасы Венгрия командасымен кездесіп, қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Бұл ойындағы есепті кездесудің 23-ші минутында қазақстандық шабуылшы Никита Михайлис ашты. Үшінші кезеңнің басында Антон Некряч есепті еселеді. Бірер минуттан соң мажарстандық Иштван Шофрон есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартқанымен, ойынның нүктесін Қазақстан құрамасының хоккейшісі қойды. Беларусь құрамасымен өткен бұған дейінгі кездесудегідей бұл жолы да шешуші шайбаны «Торпедо» ойыншысы соқты. Матчтың 57-минутында өскемендік команданың тәжірибелі шабуылшысы Евгений Рымарев көзге түсті. Рымаревтің еншісіне, сонымен қатар бұл кездесудегі бір нәтижелі пас та жазылғанын айтқан абзал.

Осылайша Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатындағы барлық ойынында жеңіске жетіп, «А» тобында бірінші орынға ие болды. Ал екінші орын Беларусь құрамасына бұйырды. Енді қос құрама алдағы жылы үздіктер сынға түсетін элиталық дивизионда өнер көрсететін болады.

Естеріңізге салайық, Қазақстан хоккейшілері бұл дивизионда соңғы рет 2016 жылы ойнаған-ды.

Шайбалы хоккейден 2020 жылғы әлем чемпионаты алдағы жылдың 8 – 24 мамыры арасында Швейцарияның Цюрих және Лозанна қалаларында өтеді. Әлемнің 16 мықты хоккей державаларынан келетін бұл турнирде отандастарымыз лайықты ойын өрнегін көрсететін болады деп сенеміз.


Көзі: yunews.kz