Ұшып кетудің аз ғана алдында - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Ұшып кетудің аз ғана алдында

08 Мамыр 2019, 11:00

Smiley face

Бұл жұпта «Химки» фаворит болып саналады, әрі бірінші матчта жеңіске деген құлшыныстары да басымырақ болды. Алаң иелері ортада лақтырылған допты қағып алып, бірінші шабуылдарында-ақ есеп ашты. Бірақ Джеффри Гроселл әуелі есепті теңестіріп, 30 секундтан кейін «Астананы» алға шығарды. Алайда Қазақ елі командасы алда ұзақ тұра алмады. Химкиліктер келесі шабуылдарында таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударып алды. «Астана» біраз уақытқа дейін қарсыласына дес бермей, тайталасып бақты. Бірақ бірінші кезеңнің ортасында алаң иелерінің аса жоғары қарқындарына төтеп бере алмай қалып (10-0), бірінші онминуттықтың аяқталуына үш жарым минут қалғанда 11 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бұл кезең аяқталғанша, біздің команда есепті біршама қысқартты да. Әйтсе де, бірінші кезеңде 24:17 есебімен ұтылып қалды. Екінші кезең екі команданың қателіктерімен басталды. Алаң иелері бірінші болып ұпай еншілегендерімен, осы онминуттықтың алғашқы жартысында біздің команда басымдық танытты. Екінші кезең бел ортасына жеткенде 10 ұпайлық есеп айырмасы 2 ұпайға дейін қысқарды. Алайда, өкінішке қарай, қазақстандықтар қарсыластарын қуып жете алмады. Ал олар, яғни алаң иелері өз кезектерінде біздің ұжымның қарқынын басты. Он бес минуттық үзіліске дейін ойын өте тартысты өтті. Екі команда да аянбай, табан тіресе ойнады. Ақыр соңында, екінші кезеңде «Астана» басым түсті – 15:17. Бірақ матчтың бірінші жартысында ұтылып қалды – 39:34.
Үшінші кезеңде Қазақ елі командасының ойыны үйлеспей қойып, алаң иелерінің есеп айырмасын ұлғайта түсулеріне мүмкіндік беріп алды. 2 минутқа да жетпейтін уақыт ішінде химкиліктер есеп айырмасын 10 ұпайдан да асырып, оны ұлғайта берді. Бірақ «Астана» оңайшылықпен берілген жоқ. Әйтсе де, екінші кезеңнің ортасында 11 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Алексей Швед бастаған «Химки» алаңда көсіле сілтеп, өздері ойлағандай тым тез болмаса да, есеп айырмасын ұлғайтқан үстіне ұлғайта түсті. Сөйтіп, үшінші кезең аяқталғанда, 16 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті – 61:47. Осылай, алаң иелерінің өздеріне деген сенімділіктері арта түсіп, «Астана» керісінше, біршама басылып қалды. Дегенмен, Эмиль Райковичтің шәкірттері еңселерін түсірмей, қолдарына келгеннің де, келмегеннің де бәрін жасауға тырысты. Десек те, «Химки» баскетболшылары алаңда билеп-төстеп, есеп айырмасын аса қиналмай +20 ұпайға дейін де жеткізді. Оларға айқын басымдықтарын уыстарынан шығармауға әлі 5 минут уақыт бар болатын. Әрі олар бүгінгі ойында өз мақсаттарына жетті. Ал Қазақстан командасының жеңіске жету мүмкіндігі мен үмітінің күлі көкке ұшты. Біздің жігіттер не істеп, тырысса да, бүгінгі жеңілістен құтылудың ешбір жолын таппады. Сөйтіп, «Химки» бірінші ойында ірі есеппен жеңіске жетті – 82:59.


Көзі: yunews.kz