Жаудың төбесіне жасын ойнатқан! - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Жаудың төбесіне жасын ойнатқан!

09 Мамыр 2019, 13:10

Smiley face

Бар жоғы 22 жасында елі үшін жанын беріп, көзсіз батырлық жасаған «Сарыарқа сұңқарының» 100 жылдық мерейтойы облыстың түкпір-түкпірінде тойлануда. Атақты əскери ұшқыш, жерлесіміз Нүркен Əбдіровтың соғыс уақытындағы ерлігі мен өршілдігі ұрпақтары үшін мəңгілікке мақтаныш болып қалары сөзсіз.

Батырдың есімі өзі туған жердегі ауылға, Қарағандының қақ ортасындағы үлкен даңғылға беріліп, ескерткіштер орнатылған. Əр жылдары Нүркен Əбдіров жайлы шығармалар жазылып, фильмдер түсірілді. Биыл атақты ұшқыштың 100 жылдық мерейтойына арналған шаралардың легін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры бастады. Театр ұжымы «Қыран қазақ» спектаклін қойды. 

«Бұл қойылымға алты ай бойы дайындалдық. Қыршынынан қиылған Нүркен Əбдіровтей батырдың ерлігін бүкіл елге жария етіп, болашақ ұрпаққа оның жанкештілігі мен қайсарлығын жеткізуіміз қажет. Батырдың есімін ұлықтаудың бірден-бір айқын жолы – театрдағы осындай қойылым», - дейді облыстық қазақ драма театрының директоры Сансызбай Бекболатов. 

Пьесаның авторлары ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер-драматург Кеңес Жұмабеков пен оның ұлы Мейрам Жұмабеков. Спектаклді сахналау үшін Ш.Айманов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, режиссер Қуандық Қасымов арнайы шақыртылған. Қойылымның қоюшы суретшісі ҚР еңбек сіңірірген қайраткері Есенгелді Тұяқов. Қойылымда Нүркен Əбдіровтың рөлін Бауыржан Нұрмағамбетов жəне Ақай Жұмамұратов сомдаса, батырдың анасының образын Нұржібек Жансүгірова мен Бижамал Кемалова орындайды. 

«Драмалық қойылымда Нүркен Əбдіровтың ерлігін, соғыс кезіндегі образын барынша шынайы көрсетуге тырыстық. Алғашында бұл шығарманың телевизиялық нұсқасы болды. Кейін ұлымның өтінішімен осы пьесаны бірге жазып шықтық», - дейді қойылымның авторы, драматург Кеңес Жұмабеков.


Көзі: yunews.kz