Интернет-дүкендер танымалдығы артып келеді - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Интернет-дүкендер танымалдығы артып келеді

14 Мамыр 2019, 10:28

Smiley face

«Электрондық коммерция – бұл әлемдік тренд, сервистік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі», - деді ҚР Премьер-Министрі  А. Мамин Үкімет отырысында.

ҚР Үкіметінің басшысы электронды сауданы экономиканың өсуінің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Дамыған инфрақұрылымды ескерумен, электронды сауда көлемін арттыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бүгінде аталмыш және іргелес салаларда 33 мың адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 314 мың адамға дейін жеткізу көзделген.

Болжамдарға сүйенсек, 2025 жылға қарай қазақстандық интернет алаңдардағы сатып алу көлемі 153 млрд теңгеден 2 трлн теңгеге дейін өсіп, бөлшек сауданың 25% құрайтын болады. Электронды коммерция аясында логистикалық компаниялардың транзиттен күтілетін кірісі 2025 жылға қарай 1270 млрд теңгеге дейін өседі.

«Батыс Қытай–Батыс Еуропа дәлізінің дайын инфрақұрылымын ескерумен, контейнерлік тасымалдар мен логистиканың өсуімен қатар автотасымалдаушылар үшін үлкен әлеуеті бар бағыт ашылады, —  деді А. Мамин. — Электронды сауда-саттықтың экономикаға тигізетін мультипликативті әсері жалпы ішкі өнімге жыл сайын қосымша 1,1% деңгейінде үлес қосады деп болжауға, 2025 жылға қарай Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға тасымалдар қарқынын тәулігіне 2 мыңнан 21 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді».

ҚР Премьер-Министрі электрондық сауда арқылы отандық ауыл шаруашылығы өндірісінің және басқа да өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін шетелдерге, оның ішінде Қытай нарығына өткізу әлеуетін атап өтті. Мысалы, ауыл шаруашылығы тауарлары мен тамақ өнімдерін электронды сауда-саттық арқылы өткізу жыл сайын 20%-ға өсетін болады.

«Қазіргі кезде әлемде ірі сауда желілерінің жабылып, олардың электронды коммерция қоймалары ретінде пайдаланылуын ескерсек, алдағы уақытта логистикалық орталықтар нарықтың негізгі бағытына айналуына мүмкін», — деді Асқар Мамин.

Осыған байланысты, ҚР Үкіметінің басшысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық ірі қалаларында көлік-логистикалық орталықтарды іске қосу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Кадрлар дайындау мәселесіне жекелеген көңіл бөлінді. Жұмыс орындарының жоспарланған өсіміне сәйкес 2025 жылға қарай 280 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. ҚР Үкіметінің басшысы «Қазпошта» АҚ және логистикалық компаниялар колледждер мен басқа да білім беретін мекемелер базасында мамандарды дайындауды өз қарамағына алу мәселесін қарастырулары қажеттігін атап өтті.


Көзі: yunews.kz