Ж. Түймебаев: Шыңғыс Айтматов – қырғыз бен қазақтың ортақ перзенті - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Ж. Түймебаев: Шыңғыс Айтматов – қырғыз бен қазақтың ортақ перзенті

16 Мамыр 2019, 02:26

Smiley face

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қырғызстан-Астана» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен әлем әдебиетінің классигі  Шыңғыс Айтматовқа арналған «Тау мен дала кездесуі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Ауқымды іс-шараға Қырғызстанның қоғам қайраткері, жазушы, Ш. Айтматовтың әпкесі Розетта Айтматова, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени орталықтардың төрағалары, Елшіліктердің, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА жастар қанатының өкілдері қатысты.   

Дөңгелек үстелдің ашылу барысында Ж. Түймебаев қатысушыларды құттықтай келе, өз сөзінде Шыңғыс Айтматов қазақ пен қырғызға ортақ жазушы болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар жазушының отбасы мен бала кезіндегі естеліктерге тоқталды.

«Әкесі Төреқұлды кезінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов Ташкент қаласына оқуға түсіріп, тікелей тәлім-тәрбие берген. Кейін қазақ ауылымен іргелес қоныстанып, сол жерде ұлы Шыңғыс дүниеге келген.  

Шыңғыс Айтматов ат жалын тартып мініп, Қырғыз ауылшаруашылығы институтын бітірген соң, 1953 жылы еңбек жолын Жамбыл облысында бастаған.

Бұл сәйкестіктер кейінірек жазушының әдеби қоржынын көркем образдармен байытып, шығармашылық жолы мен ізденістері қазақ халқымен тығыз байланыста өрбіді», – деді Хатшылық меңгерушісі.

Сонымен қатар ол жазушының «Жәмила», «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» сияқты туындылары қазақ табиғатымен терең астасатынына назар аудартып, оның қазақ халқының бірқатар жазушылармен достық қарым-қатынаста болғанын айтып өтті: «Аты аңызға айналған адамзаттың Айтматовы өмір бойы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовті пір тұтып, замандастары Қалтай Мұхамеджанов, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртазамен достық қарым-қатынаста етене жақын араласты», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары Ж. Түймебаев.

Хатшылық меңгерушісі сонымен қатар қырғыз жазушысына Қазақ елі «Қазақстанның халық жазушысы» деген атағын бергенін атап өтті.

Осы орайда айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінің біріне Шыңғыс Айтматовтың аты берілген.

Дөңгелек үстелдің барысында «Тау мен дала кездесуі» атты суретшілер көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар жазушылардың жастармен кездесуі, бірқатар кітаптардың таныстырылымы, «Шыңғыс Айтматов. Дәуір. Тұлға. Гуманизм» атты халықаралық эссе байқауы мен «Манас Ааламы» атты жас манасшылар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Нұр-Сұлтан қаласының №79 мектеп-лицейінде Ш.Айтматов мұражайы ашылып, жазушының шығармасының желісімен сахналанған «Қызыл орамалды шынарым» спектаклі Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында көрсетілді.


Көзі: yunews.kz