Елордада «Бекзат» фильмінің жабық көрсетілімі болды - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Елордада «Бекзат» фильмінің жабық көрсетілімі болды

444

Smiley face

Елордада XV Еуразия халықаралық кинофестивалі аясында Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған көркем фильмнің жабық көрсетілімі болды. Оған чемпионның ата-анасы, жақындары мен спорт саңлақтары, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев арнайы келді.

Картина жасындай жарқ еткен жұлдыздың чемпион атанғанына және дүниеден өткеніне 20 жыл толуы қарсаңында жарық көрді. Чемпионның өмірі мен спорттағы жетістігін суреттейтін фильм «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген. Көрсетілімге Бекзаттың ата-анасы Сейілхан Саттарханұлы мен Сәттігүл Шойбекова Түркістаннан арнайы келді.

«Бекзат ХХ ғасырда дүниеге келді. 20 жылдан кейін Жақсылық Үшкемпіровтен соң қазақ жастары арасында Олимпиада чемпионы болды. ХХ ғасырдың алғашқы жылының аяқталуына 20 минут қалғанда дүниеден өтті. Қалай санасаң да, 20 санымен байланысты болып тұрады. Мінеки, келесі жылы олимпиада чемпионы атанғанына, дүниеден озғанына 20 жыл толады. Бекзат жайлы киноға елдің қызығатынын білемін, бірақ керемет кино болуы керек», - дейді Сейілхан аға.

Ал басты рөлді сомдаған Самат Әзімқұлов Бекзат туралы фильмді бала кезден арман еткен: «Бекзат менің бала күннен кумирім десем де болады. Ол жайлы фильм түсірілсе деген кішкентай кезгі арманым еді. Бекзат ағамыз чемпион болғаннан кейін мен де спортқа қызыға бастадым. Он жылдай кикбоксингпен айналыстым. Фильмге режиссер Мұрат Бидосов ағамыз шақырды. Түсірілім жұмыстары екі жарым айға созылды. Түркістан, Алматы, Тараз қалаларында, Түркия, Австралия елдерінде түсірдік», - дейді актер Самат Әзімқұлов.

Картина режиссері – Мұрат Бидосов, сценарий авторы – Сержан Закерұлы. Бекзаттың балалық шағы, бозбала кезі мен өмірінің соңғы сәттері суреттеледі. Көркем фильм биыл күзде кинотеатрлардан көрсетілмек.


Көзі: yunews.kz