Қазақстандағы машина жасау: жаңа технологияларды енгізу, экспорттық әлеуетті арттыру - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Қазақстандағы машина жасау: жаңа технологияларды енгізу, экспорттық әлеуетті арттыру

444

Smiley face

Саланың бірқатар мәселелері мен проблемаларын шешу үшін Қазақстанда 2019-2024 жылдарға арналған машина жасауды дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Құжатты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан машина жасаушылар Одағымен бірлесіп әзірледі.

Құжаттың басты мақсаты-отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және саланың экспорттық әлеуетін арттыру. Жол картасы арқылы отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, сатып алуда жергілікті мазмұнмен қамту үлесін арттыру, техникалық реттеу шараларын жетілдіру, экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу жөніндегі шараларды қамтитын қолдау шараларының кешенді пакеті көзделген.

Қазіргі уақытта елімізде машина жасау қарқынды дамып келеді. 2019 жылғы қаңтар – сәуір кезеңінде саладағы өндіріс көлемі 359,4 млрд.теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8% - ға жоғары. Өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 11%-ды, Қазақстанның жалпы өнеркәсібінде 4%-ды құрады.

Жол картасының негізгі тармақтарының бірі "Өнеркәсіптік саясат туралы" заңды қабылдау болып табылады. Бұл елдің барлық аумағында орталықтандырылған және теңгерімді өнеркәсіп саясатын жүргізуге мүмкіндік береді, өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау көрсету процесі мен шарттарын жүйелейді және жеңілдетеді. Инвесторлар өнеркәсіптің өңдеуші салаларындағы жобаларды іске асыру үшін қосымша ынталандыруларға ие болады.

Бұдан басқа, ҚР ИИДМ жанынан Қазақстанның өнеркәсібін дамыту қоры құрылады. Мұндай қорлар Ресейде, Беларусьте және ЭЫДҰ елдерінде табысты жұмыс істейді. Қорлар қызметінің тиімділігі өнеркәсіпті қолдаудың жалпы саясаты бір ұйымда шоғырланғанына, мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне нақты мониторинг пен талдау жүргізілуіне байланысты болып келеді.

Сондай-ақ қазіргі өндірістік қуаттарды жаңғырту үшін кәсіпорындарға салықтық преференциялар енгізу, сондай-ақ экспорттық әлеуетті одан әрі арттыру күтілуде. Құю, соғу, қалыптау сияқты базалық өндірістерді дамытуға үлкен рөл бөлінген. Қазақстан саласы үшін негізгі өңірлерде құю өндірісін іске қосу көзделіп отыр. Атап айтқанда, Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс, Батыс аумақтарда орналасқан машина жасау үшін құю, шыңдау және штамптау өндірісі бойынша 5 базалық кәсіпорын құру жөніндегі мәселені пысықтау барысы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар базасында және/немесе жаңа өндірістер құру арқылы іске асырылады. Бүгінгі күні машина жасаушылардың металға деген жыл сайынғы жалпы қажеттілігі 2 млн.тоннаны құрайды, оның ішінде құю 200 мың тонна. Отандық машина жасаушылар Ресей мен Қытайдан металл сатып алуға мәжбүр.

Даму институттары мен екінші деңгейдегі банктер арқылы өңдеуші өнеркәсіпті қаржыландырудың бүгінгі моделі өзінің тиімсіздігін көрсетіп отыр. Мысалы, "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ өңдеу өнеркәсібінің бас қаржы операторы 2017 жылы жалпы қаржыландыру көлемінен 2 трлн теңгесінен астамының  6,6%-н ғана өңдеуші өнеркәсіп жобаларына бағыттады.

Соңғы 5 жылда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқушылар саны артты. 2018 жылы техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарына машина жасау саласы үшін мамандықтар бойынша оқуға қабылданғандардың жалпы саны 22 мың адамды, оқитындар саны – 62,8 мың адамды құрады. Жол картасында өндірістік практикадан өту кезінде шығындарды бірлесіп қаржыландыру шарттарын белгілеу бөлігінде дуалды білім беру жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтау көзделеді: 70% мемлекет/оқу орны, 30% жұмыс беруші.


Көзі: yunews.kz