Мектептерде домбыра тартуды үйрету сабағын енгізу дұрыс бастама деп санаймын – Қасым-Жомарт Тоқаев - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Мектептерде домбыра тартуды үйрету сабағын енгізу дұрыс бастама деп санаймын – Қасым-Жомарт Тоқаев

444

Smiley face

Ұлттық аспап ұлықталған күні мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тек ұлтқа тән құндылықтарды дәріптеу арқылы болмыс-бітімді сақтап қалуға болады», – деді.

Қазақ елі монументі маңында өткен айтулы шарада мыңға жуық қатысушы бір мезетте бірнеше күйді орындады, деп хабарлады «Хабар 24» тілшісі. Арасында қарапайым тұрғындардан бастап сахна саңлақтары, спорт майталмандары мен мемлекеттік қызметкерлерге дейін бар.

Бұл мереке елді осылай ұйыстырды. Домбыра күнінде көпшілік алдында өнер көрсетуге іргедегі елді мекендерден келгендері де бар. Жасы да, жасамысы да осында.

Санаулы уақыттан кейін ұлттық аспапты ұлықтайтын айтулы шара басталды. Бірі қобалжып, енді бірі тағатсыздана тосып жатты. Домбыра күніне арналған мерекелік концертке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Президент қос ішекті аспапты арқалап келген мыңға жуық өнерпаздың өнерін тамашалады. Олар 6 бірдей күй орындады. Шанақтан «Сарыарқа» күйі төгілгенде, бұғау кісен бұзылды, «Адайдың» дүбірі естіліп, елді арындатты, «Көңіл толқыны» көптің көңіл пернесін басты.

Айтулы шара өткен алаңға бірнеше ақшаңқан үйлер де тігілді. Көрме ұйымдастырылып, музейде көздің қарашығындай сақталған құнды жәдігерлер қойылды. Арасында сал-серілер өз дәуірінде ұстаған көне домбыралардың көшірмелері болды.

Бұл мерекені көппен бірге атап өтуге отбасыларымен келгендері де бар. Олар көрерменнің емес, қатысушылардың қатарынан табылды. Айтулы күні өзге ұлт өкілдері де қос ішекті күмбірлетіп отырды.

Бұл ұлттық өнер тұтас ұлтты ұйыстырғанын аңғартса керек.


Көзі: Yunews.kz