БҚО-да дауылды жел ғимараттардың шатырын жұлып, ағаштарды құлатты, көліктерді зақымдады - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

БҚО-да дауылды жел ғимараттардың шатырын жұлып, ағаштарды құлатты, көліктерді зақымдады

444

Smiley face

Батыс Қазақстан облысында дауылды жел ағаштарды құлатып, көліктерге зақым келтірген. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, бірнеше аудандар мен қалада ғимараттардың шатыры жұлынған. Сағат үштен кешкі алтыға дейін дауылдан зардап шеккен жеті ғимарат белгілі болды.

 

«Қатты желдің салдарынан Казталов ауданы Жаңажол ауылындағы орта мектептің шатыры, Жәнібек ауданы Жәнібек ауылындағы спорт залының шатыры, Тасқала ауданы орталығындағы халықты жұмыспен қамту орталығының шатыры жұлынған», - деп хабарлады БҚО ТЖД. – «Сонымен қатар, Қазталов ауылында «Қазпошта» АҚ ғимараты мен Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің бас корпусы зардап шекті. Бұл ғимараттардың қаптауы мен жылыту төсемі жұлынған».

Жедел-құтқару жасағы ғимараттардың шатыры немесе қаптауы жұлыну қаупі туындаған апаттық жағдайларды жою үшін бірнеше рет барып қайтты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, дәрігерлер апат салдарынан зардап шеккендерге төрт рет барды.

«Желдің күшеюіне байланысты сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін жедел жәрдем пультіне 4 шақырту келіп түсті», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сакпусунова.  – «Алғашқы шақырту Әбілхайыр хан даңғылындағы ғимараттың ауласынан болды. Онда бес қабатты үйдің ауласында жеңіл автокөлікке ағаш құлап кеткен. Ол кезде көлікте 1988 жылы туған азамат және он бес жасар қыз бала болған. Сынған терезенің сынығы ер адамның көзіне қадалған. Қыз бала бастан соққы алған. Зардап шеккендердің екеуі де қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Осыған ұқсас екі шақырту Н. Назарбаев даңғылынан келіп түсті.  Онда әйелдер зардап шекті. Екі жағдайда да зардап шегушінің басын құлаған ағаштардың бұтақтары жарақаттаған. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жатқызудан бас тартты, біреуі   қалалық ауруханаға жеткізілді».

Құлаған ағаштардың, зақым келген машиналардың, витриналардың және электр беру желілеріндегі үзілген сымдардың саны туралы нақты ақпарат жоқ. Белгілі болғаны, мұндай оқиғалар бірлі-жарым емес. Қалалық желінің апаттық қызметінде,  тек қаланың өзінде ғана 12 бригада үзілген сымдармен жұмыс істеп жатқанын  хабарлады. Бұдан басқа, БҚО-да ертеңге де дауылды ескерту жарияланды. Найзағай күтіледі, сондай-ақ желдің күшею қаупі бар.


Көзі: Yunews.kz