Жаңа оқу жылында мектепке 3 млн астам баланы қабылдау жоспарлануда - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Жаңа оқу жылында мектепке 3 млн астам баланы қабылдау жоспарлануда

444

Smiley face
Фото из открытых источников

Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлады бүгін Білім министрі Асхат Аймағамбетов  Үкімет сағатында. Бұл - оқулықтармен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын жүргізу, білім беру нысандарын пайдалануға беру, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру.

«Мектепке дейінгі ұйымдар желісі 279 бірлікке көбейіп, 10 593 бірлікті құрады (оның ішінде – 6580 мемлекеттік және 4 013 жеке меншік, контингент 906,5 мың балаға жетті). Жеке меншік балабақшалардың үлесі 38% болды. 25 674 орынға жаңа 297 мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95,2% құрайды, - деп баяндады білім министрі.

Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, Түркістан, Алматы облыстарының мектепке дейінгі ұйымдарына кезектілік сақталуда, - деп хабарлады А.Аймағамбетов.

«Жергілікті бюджеттер есебінен мемлекеттік балабақшаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеу 49 балабақшада қарастырылған. Оның 15-інде күрделі жөндеу аяқталды. Қалғандарында жөндеу жұмыстары тамыздың соңыңда аяқталады, мерзімінде үлгермеу қаупі жоқ», - деді министр.

Бірақ әлі де қаржыландыру қажеттілігі бар, деп атап өтті ол.

 «Жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесінің өзгеруіне байланысты республика бойынша қосымша қажеттілік 36 млрд теңгені құрайды. Бүгінде бізде республикалық бюджеттен қаржыландыруға өңірлердің өтінімдері бар. Алайда, Бюджет Кодексінің негізінде, бұл мәселе жергілікті бюджет есебінен шешілуі тиіс. Өңірлердің басшыларын келесі жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде, балабақшаларды күрделі жөндеуге қажетті қаражат бөлуін сұраймын. Жалпы, мектепке дейінгі ұйымдар жаңа оқу жылына дайын", - деп қорытындылады Білім министрі.

Бұдан әрі А. Аймағамбетов орта білім саласы туралы сұраққа тоқталды.

«Мектептер желісі 13 бірлікке қысқарды, 7001 мемлекеттік мектеп жұмыс істейтін болады. Жаңа оқу жылында мектептерге 3 млн-нан астам бала барады», - деп хабарлады білім және ғылым министрі.

405 мыңнан астам бала мектеп табалдырғын алғаш рет аттайды деп күтілуде, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 20 мыңға көп.

«Бұның себебі 2016 жылы «Білім туралы» заңға 6 жастан бастап мектепке бару нормасы енгізілумен байланысты. Ата-аналардың барлығы осы жастағы балаларды мектепке беруге дайын емес, олармен айыппұл санкцияларының жоқтығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді Аймағамбетов.

Орын тапшылығы Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы, Атырау облыстарында болжануда. Мектеп формасына келсек, биыл ешқандай өзгерістер жоқ.  

918 бірлік автокөлік мектептерге 25 637 баланы тасымалдайды, деп атап өтті білім министрі. 2019 жылы 56 жаңа автобус сатып алынды: Алматы (3), Ақтөбе (2), Атырау (2), Ақмола (31), Қостанай (9), Қарағанды (2), Павлодар (1), Түркістан (6). 185 автобусқа қажеттілік сақталуда.

«Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «Қауіпсіз мектеп автобусы» акциясы жоспарланған, оның барысында жарқылдаған маяк, белбеу және басқа да қауіпсіздік құралдарының болуы тексерілетін болады. Аталған облыстардың бюджеттерінде автобустарға қаражат қарастырылмаған», - деді министр.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында бәрі өзгеріссіз қалады: республикада 488,7 мың адам контингенті бар 821 колледж. Қазіргі уақытта талапкерлерді қабылдау аяқталуда.

132 жоғары оқу орындары жұмыс істейді: ұлттық – 11, мемлекеттік – 30, азаматтық емес – 14, ААҚ – 1; халықаралық – 1; акционерлік – 18, жеке меншік – 57.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу ойдағыдай өткізілді, бұл жылы ешқандай рейтинг жасалған жоқ. ҰБТ қортындысы бойынша 46 698 грант бөлінді – күндізгі оқу нысаны бойынша 1 курсқа, оның ішінде колледж түлектері үшін даярлық бейіні бойынша 3 мың грант (бакалавриатқа мемлекеттік тапсырыс - 51 085, оның ішінде «Мәңгілік Ел жастары - индустрияға!»- 5109 орын). Магистратура мен докторантураға түсу емтихандарын қабылдау жалғасуда (магистратура - 13 179 грант, докторантура - 2 322 орын)», - деп хабарлады А. Аймағамбетов.

Барлық жоғары оқу орындары студенттерді қабылдауға дайын. Жаңа оқу жылына дайындық бойынша жұмыстар жалғасуда.


Көзі: yunews.kz