203 отбасы өз еркімен Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға көшті - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

203 отбасы өз еркімен Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға көшті

444

Smiley face
Фото из открытых источников

Павлодар облысына ерікті түрде қоныс аудару бойынша "Нұрлы Ертіс" пилоттық жобасын жүзеге асыру аясында 2019 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстанның астанасынан Екібастұзға 203 отбасы немесе 1 мың 169 адам көшіп келді, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Нұр-Сұлтан биылғы мамыр айында жұмыс күші мол өңірлердің тізімін толықтырды. Кеншілер қаласына көшуді шешкен елорда тұрғындары үшін Екібастұзда өмір сүру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Қоныс аударушыларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етеді, ал қажет болған жағдайда оқуға жібереді.

Екібастұзға алғашқылардың бірі болып Шапағат пен Салтанат Маликовтардың көп балалы отбасы  көшіп келді.

"Ағымдағы жылдың мамыр айында біз "Нұрлы Ертіс" жобасының қатысушылары ретінде астанадан Екібастұзға көштік. Келген соң бізді жалдамалы 3 бөлмелі тұрғын үймен қамтамасыз етті. Жұбайым "Оптима Транс" ЖШС-не автомеханик болып жұмысқа орналасты. Бізде төрт бала. Екі кішісі егіздер, олар 2 жаста. Үлкендер екінші және алтыншы сыныптарда оқиды. Балабақша, мектепте тамақтану және балаларға арналған қоғамдық көліктерде жол жүру - барлығы тегін! Менің отбасымның өмірі жақсара түскенін айта аламын", – деп қуанышпен бөлісті Салтанат Маликова.

Екібастұзға астанадан қоныс аударған 203 отбасының 122-і –  3 бөлмелі пәтерге, 69 отбасы – 2 бөлмелі пәтерге және 12 отбасы - 1 бөлмелі пәтерге орналастырылды.

"Нұрлы-Ертіс "жобасы өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Азаматтарды еңбек күші көп өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру осы мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі болып табылады және мынадай тетіктерді көздейді:

- көшу үшін 35 АЕК немесе отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы субсидия төлеу;

- бір жыл бойы қалалық аудандарда тұрғын үйді жалға алуға ай сайынғы шығындарды 75 мың теңгеге дейін (30 АЕК) және ауылдық жерлерде отбасы мүшелерінің санына байланысты 53 мың теңгеге дейін (21 АЕК) өтеу;

- кем дегенде 5 адамға жұмысқа орналасуға көмектескен жұмыс берушілерге 450 АЕК немесе 1 млн 136 мың теңге көлемінде субсидия беріледі;

- қажетті жұмыс құралдарын, технологиялық жабдықтарды, үй жануарлары мен құстарды сатып алу, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына 200 АЕК дейін қаражат бөлінеді.

- қоныс аударушылар техникалық және кәсіптік білім алуға, қысқа мерзімді курстарға қол жеткізе алады, сондай-ақ оларға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді.

"Ерікті түрде қоныс аударудың мақсаты еңбек тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік сәйкессіздіктерді және демографиялық теңгерімсіздіктерді жою болып табылады. Ерікті түрде қоныс аударуға Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының және Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары қатыса алады. Бүгінгі күні қоныс аударушыларды қабылдау үшін төрт өңір бекітілді: СҚО, ШҚО, Павлодар және Қостанай облыстары", – деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы Айжан Жапалбаева.

2019 жылдың 8 айында "Еңбек" Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде еңбек күші жетпейтін өңірлерге 1 мың 650 отбасы немесе 5 мың 918 адам көшіп келді.


Көзі: yunews.kz