Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери бөлімдеріне аты аңызға айналған батырлардың есімі берілді - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери бөлімдеріне аты аңызға айналған батырлардың есімі берілді

444

Smiley face

Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері енді Қазақстан армиясының тарихында маңызды рөл атқарған әскери қызметшілердің атына ие болады, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Осылайша, Өскемен қаласындағы әскери бөлімге Халық қаһарманы полковник Қасым Қайсеновтің есімі берілді. Офицер 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген, 1938 жылы Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумын бітірді. 1940 жылы әскерге шақырылып, әскери барлаушы мектебіне қабылданды. Араға бір жыл салып Киевте алғашқы ұрысқа қатысты. Әскери барлаушы мектебін аяқтағаннан кейін, Солтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтілді. Ол жерде арнайы тапсырма алып, басқыншылардың қолында қалған Украина аумағында партизандық қимылдарды ұйымдастыру үшін жаудың тылына жіберілді.

Чапаев есімімен аталған №3 жасаққа басшылық етіп, партизандық жасақ құрды және Молдавия, Чехословакия, Румыния аумақтарында диверсиялық жұмыстармен айналысты. Мина және жарылғыш жұмыстарының қыр-сырларын жақсы біліп, әртүрлі қару-жарақ түрлерін игерді.

Офицер Қайсенов І және ІІ дәрежелі Отан соғысының, "Чехословакия партизандары" ордендерімен, жау тылында партизандық ұрысты жүргізіп, 60 адамнан құралған партизандық жасақты құрғаны үшін ІІІ дәрежелі "Богдан Хмельницкий" орденімен наградталды.

Қасым Қайсенов батыл да, физикалық жігерлі адам болды. Сол кездері жау тылына жөнелтілген партизанның керек-жарғы автомат, оқ-дәрілер, граната мен басқада қару-жарақтар салмағы 80 келі болды. Сұрапыл соғыстан кейін, офицер Отанға оралып, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің президиум аппаратында, "Жазушы" және "Қайнар" баспаларында қызмет етті. Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмысына қатысты. Қасым Қайсенов – Ұлы Отан соғысындағы қиын-қыстау кезеңдер мен қарапайым жауынгерлердің ерліктерін шынайы баяндайтын көптеген шығарманың авторы. Олардың ішінде "Жас партизан", "Партизан соқпақтары", "Ажал аузында" сынды танымал туындалары, сондай-ақ орыс, украин және басқада тілдерге аударылған әңгімелер мен очерктары бар.

Батырдың құрметіне Өскемен қаласында ескерткіш орнатылып, көшеге есімі берілді, Ұлан ауданының әкімшілік орталығы Қасым Қайсенов кенті деп өзгертілді.


Ал Тараз қаласындағы әскери бөлімге генерал-майор Шәкір Жексенбаевтің есімі берілді.
Ол 1901 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, Хан Ордасындағы жоғары бастауыш училищені, педогогикалық курсты тәмәмдады. 1918 жылы өз еркімен Жұмысшы-шаруа Қызыл армиясының құрамына қосылды. Ұлы Отан соғысына дейін Жексенбаев, Калини химияға қарсы әскери училищенің химияға қарсы қорғаныс батальоны командиріне дейінгі жолды жүріп өтіп ауқымды әскери тәжірибе жинады. Ұлы Отан соғысында Жексенбаев батыс бағытындағы әскерде қызмет етіп, 3-ші Брян армиясында, оңтүстік-батыс майданында, кейін 2-ші Прибалтикалық майданында химиялық қорғау бөлімінің бастығы лауазымын атқарды.

1943 жылы 14 қазанда Жексенбаевқа техникалық бөлімнің генерал-майор әскери атағы беріліп, Отан соғысының І дәрежелі орденімен, кейін жауынгерлік қызметі үшін Ленин және Қызыл жұлдыз ордендерімен наградталды. Зұлмат соғыс аяқталғаннан кейін генерал Жексенбаев химиялық қару және құрлық әскерлерін жабдықтау басқармасында қызмет етіп, В.Куйбышев атындағы Қызыл тулы әскери-инженерлік академиясында әскери-химиялық жұмыс жөнінде тәлім берді.

Әскери бөлімдерге отандас-батырлардың есімін беруге бөлімдердегі әскери қызметшілердің жеке құрамы бір ауыздан қолдады.

Қазақстандық армияның жауынгерлік дәстүрін сақтап қалу мен Отан қорғаушылардың есімін дәріптеу идеясын ҚР Қорғаныс министрілігінің басшылығы қолдады.


Көзі: yunews.kz