Түркістан облысында полицейлер толғағы қысқан әйелді босандырып алды - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Түркістан облысында полицейлер толғағы қысқан әйелді босандырып алды

444

Smiley face

Кентау ҚПБ Үшқайық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Нұрбол Темірханұлы мен полиция капитаны Бақтыбай Қалабаевқа Жалаңтөс ауылына қарасты «Коммунабаз» мал ауылының тұрғыны кешкі сағат 20:00 шамасында хабарласып, жедел-жәрдемге қоңырау соғып ала алмай жатқанын, әйелінің айы-күні жетіп, толғағы қысып қиналу үстінде екенін айтып көмек сұрайды. Тұрғынның қоңырауынан кейін полицейлер тез арада жиналып, Үшқайық ауылынан 50 шақырымдай алыста орналасқан мал ауылға жол тартады. Жарты сағат көлемінде діттеген жерге жетіп, 21 жасар жүкті әйелді, күйеуін қызметтік автокөлікке отырғызып, жолдан ауылдың фельдшерін салып алып Кентау қаласындағы перзентханаға қарай бет алады. Бұл кезде жүкті әйел медициналық көмекке мұқтаж еді. Ақыры шыдай алмаған Раковица Виолетта толғағы қысып, Түркістанға кіре беріс жолда босанып қалады. Нәтижесінде полицейлердің көмегімен қызметтік көліктің салонында шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Көп ұзамай жедел-жәрдем бригадасы келіп, жаңа туған сәби мен ананы Түркістан қаласындағы перзентханаға жеткізеді. Өз кезегінде екінші рет ата-ана атанған ерлі-зайыптылар полицейлерге алғысын жаудырды.

Smiley face

«Өмірге келген кішкентай бөбектің аман-есен туылу бірінші кезекте, полицейлердің арқасы. Менің батырым - осы учаскелік полицейдің көлігінде өмір есігін ашты. Егер, полицейлер болмағанда айдаладағы мал ауылда әйеліммен балама не боларын кім білсін? Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқан полицейлерге үлкен рахмет, үнемі өз байланыс нөмірлерін беріп, көмек керек сәтте хабарласыңдар деуші еді. Шынында басыма іс түскенде, ойыма ең бірінші учаскелік полиция инспекторы келді. Және ол бізге көмек қолын созды. Тәртіп сақшыларына айтар алғысым шексіз дейді,- жас әке Виталий Барабаш.

Бүгінде анасы мен нәрестенің жағдайы жақсы. Үйлеріне шықты. Өлім мен өмір арасында болған әйел барлық жақсылығы үшін полицейлерге аналық жүрегімен ыстық ықыласын білдірді. Осылайша, шалғай ауылдағы бір отбасына көмектерін көрсеткен полицейлерді қызметтерін мінсіз атқарды деп айта аламыз. Расында, полицейдің басты міндеті – халыққа жақын болып, керек сәтте қол ұшын беру. Ал, бұл міндет – Түркістан облысы полицейлерінің күн тәртібінен түскен емес.

 


Көзі: yunews.kz