Ақтауда Қазақстанның үздік энергетиктері анықталды - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Ақтауда Қазақстанның үздік энергетиктері анықталды

444

Smiley faceФото "МАЭК" АҚ баспасөз қызметінен

Ақтау қаласында "Маңғыстау Аймақтық Электржелілік Компаниясы" АҚ оқу-жаттығу полигонында тарату желілерін пайдалану бойынша жедел-жөндеу қызметкерлері арасында кәсіби шеберліктің XV республикалық жарысы аяқталды.

Ірі электржелілік компаниялардан келген электромонтерлер бригадасы бірнеше күн бойы бригаданың күнделікті жұмыс істейтін нақты жағдайларға барынша жақын жарыстарда өз шеберліктерін көрсетті.

Қатысушылар арасында - "МАЭК" АҚ, "Қарағанды Жарық" ЖШС, "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС, "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ, "Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниясы" АҚ, "Батыс Қазақстан АЭК" АҚ және "Қызылорда электртораптық бөлу компаниясы" АҚ сияқты компаниялардың өкілдері бар.

Жарыс барысында барлық командалар жоғары кәсіпқойлықты, қойылған міндеттерді жедел және сапалы шешу қабілетін көрсетті. Біріншілік үшін қызу күрес жеті кезеңнен тұрды.

Командаларға шартты зардап шегушіні электр тогынан босату және дәрігерге дейінгі көмек көрсету, сондай-ақ электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсетумен байланысты технологиялық жұмыстар сияқты тапсырмаларды орындау қажет болды. Сонымен қатар электр монтерлері қауіпсіздік техникасы, техникалық пайдалану және өрт қауіпсіздігі ережелерін білуін тексерді. Кезеңдерден өту тек тез және нақты ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың барлық ережелерін сақтай отырып қажет болды.

Республикалық жарыс "МАЭК" АҚ командасының жеңісімен аяқталды.

"Маңғыстау Аймақтық Электржелілік Компаниясы" АҚ энергетиктері жарыстың барлық кезеңдерінде тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп, Гран-При иегері атанды. Жеңімпаздарға бас жүлде – электржелілік компанияның өндірістік жұмыстарына қатысатын жаңа КАМАЗ жүк автомобилі тапсырылды.

Құрметті бірінші орынды "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ командасы иеленді. "Қарағанды Жарық" ЖШС өкілдері "күміске" ие болды. Үшінші орын "Қызылорда электр тарату компаниясы" АҚ энергетиктеріне бұйырды.

Жеңімпаздарға салтанатты түрде жаңа автокөліктердің кілттері табыс етілді.

 

Жарыстың жабылу рәсімі аясында жеке наградалар табыс етілді. "Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниясы" АҚ маманы Аслан Қалибаев бригаданың үздік шебері атанды. Жеңімпазға цифрлық фотоаппарат табыс етілді.

Қазылар бригадасының шешімімен үздік электромонтер атағын "МАЭК" АҚ энергетигі Әсет Бейсенов жеңіп алды.

"Ең жас қатысушы" номинациясы бойынша "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС өкілі Абылай Сайпбек жеңіске жетті. Энергетик сыйлыққа Samsung ұялы телефонын алды.

"Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС-нің ҚТ және пайдалану ережелерінің үздік білгірі Айдос Бекназаров, ал "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-ның үздік өндірушісі Нұрлан Чегебаев болды. Мамандарға Samsung ұялы телефондары берілді.

"Жеңіске деген жігерді көрсеткен команда" номинациясы бойынша "Батыс Қазақстан АЭК" АҚ энергетиктері жеңімпаз атанды. Сыйлық ретінде команда Samsung теледидарын алды.

"Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниясы" АҚ еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және экология қызметінің бастығы Владимир Малышев жарыстың ең үздік төрешісі болып танылды. Энергетикке iPhone Х ұялы телефоны сыйға тартылды.

Жабылу салтанатын қорытындылай келе, бас төрешінің орынбасары, "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС Бас директорының кеңесшісі Жаңабай Сәлімбаев кәсіби шеберлік жарыстары персоналды даярлау деңгейін арттырудың ең тиімді әдістерінің бірі болып қалғанын және қалатынын атап өтті.

"Тәжірибелі энергетиктер өз шеберліктерін көрсетті. Бұл әріптестермен тәжірибе алмасудың бірегей мүмкіндігі. Біздің басты мақсатымыз – біздің мамандарымыз күнделікті жұмыста алған дағдыларын қолданып, тұтынушыларды сенімді электрмен қамтамасыз ете отырып, жабдықтарды қауіпсіз және сапалы жөндеуден өткізуі", - деп атап өтті Жаңабай Сәлімбаев.


Көзі: yunews.kz