Нұр-Сұлтанда жас ақындар конкурсы өтті - новости Казахстана и Мира | YUNEWS.KZ
Рус Қаз

Тіркелу

Кіру

+7 771 194 0204 Наш whatsapp

Нұр-Сұлтанда жас ақындар конкурсы өтті

444

Smiley face

Бүгін «Оқушылар сарайында» жас ақындарға арналған «Біз жастарға сенеміз» атты мүшәйраның марапаттау рәсімі өтті. Келесі жылы бұл бәйге Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орайластырылып, Түркі әлемі елдерінің жастары арасында өтетін болады, деп хабарлайды елорда сайты.

Осы жобаның арқасында мыңдаған жас ақын қазақстандықтар арасында танымал болып, халықаралық және республикалық байқаулардың иегерлері атанды. Үздіктер  жоба аяқталғаннан кейін шығарылатын жинақтарда өз жұмыстарын жариялауға мүмкіндік алады.

Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының қолдауымен осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр.

Smiley face

«Бүгінгі мүшәйра Елбасы жариялаған Жастар жылы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отыр. Еліміздің әр өңірінен түрлі туындылар келіп түсті. Әділқазылар алқасы мұндай сында үздік шыққан дарындарды таңдап отыр. Жастардың алдына еркін тақырып қойылды. Әр ақын өзінің ойында, жүрегінде жүрген шығармаларын ұсынды. Мұндай іс-шараның басты мақсаты – жастарды қолдау, олардың бойындағы елге, Отанға деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін арттыру. Осы жоба қолға алынған үш жылдың ішінде мыңнан аса жас ақын өз туындыларын шығарып отыр», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.

Ол аталған байқау келесі жылы тек республикалық деңгейде емес, халықаралық деңгейде өтетінін хабарлады. «Біз жастарға сенеміз» бәйгесінің қорытындысы бойынша Алматы өңірінің жас дарыны Нұрбол Мұратбек І орын алса, ІІ орын Ернар Мақсұтов пен Сәния Жүрсіноваға бұйырды. Ұйымдастырушылар оларға ақшалай сертификат табыс етті.

Smiley face

Үздік үштікті Амангелді Ақжігіт, Дулатбек Кенжебек және Нұрдәулет Өмірбек түйіндеді. Ұйымдастырушылар тарапы «Үздік ақын» номинациясын тағайындап, дарын иелерін марапаттады. Мұндай сыйлыққа Оразай Жеңісұлы, Айзада Рақымжанова, Жамал Жүрсінбек және Жауынбай Жылқыбайұлы ие болды.

Ақын және байқаудың қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтұлының айтуынша, мүшәйраға республикамыздың өңірлерінен 140-қа тарта ақын қатысты. Оның ішінде 10 ақынға жүлде берілді, ал бас-аяғы 30 ақын үздік атанып, жеке кітабы шығарылды.

 


Көзі: yunews.kz